Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ресми сайтына қош келдіңіздер!

Біздің мекеменің ресми сайты Сіздерді қорық – музейдің қызметімен, осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің Отырар өңірін насихаттау жолындағы жұмыс бағыттарымен таныстырады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» – деп атап көрсеткендей, тарихи тамыры тереңде жатқан көне шаһар Отырар, Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстанбаб әулиенің кесенесі халқымыздың жауһар қазыналары мен ұлтымыздың рухани құндылықтарының бірі болып табылады.

Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әлФарабидің туған жері сан мың жылдық тарихы бар бұл өңір ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын тарихи және мәдени ескерткіштерге бай өлке.

Түркістан мен Отырар аумағындағы тарихи-мәдени мұралар арқылы танымдық саяхаттарды дамытуға мүмкіндік мол. Жаңа облыс орталығы –  Түркістанды дамытумен  туризм саласын дамыту негізгі мәселенің бірі. Бүгінде өңірде «Отырартөбе – Арыстанбаб – Түркістан» бағыты арқылы туристерге қолайлы жағдай жасау басты назарда.

Елбасы Н.Назарбаев Ұлы даланың жеті қыры мақаласында: «Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет», дегендей терең тарихымызды түгендеп, келешектегі ел игілігіне айналатын осынау бағыт-бағдары айқын мақаладағы мәселелердің жүзеге асуы жолында бар күш-жігерімізді жұмсап, аянбай еңбек етуіміз керек.

 Өскелең ұрпаққа өткенімізді дәріптеп, ата-баба аманатын жеткізу үшін Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі 40 жыл нәтижелі жұмыс істеп, мәдениетіміздің дамуы мен мемлекетіміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді.

Елдің маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта жаңғырту және оларға кешенді ғылыми зерттеу, сондай-ақ археология, этнография, тарих салаларының мәселелері туралы жаңа көзқарас пен пайымдауларды бағамдап отыру мақсатында қолға алынған, жалт еткізер жаңалықтар жариялауға бағытталған сайтымызбен танысып отырыңыздар!

Жаңалық басы ел тарихын байытады, өркениетіміздің дамуына үлес қосу деңгейін өсіру деп білемін.
                                                                   

                                                              Мекеме директоры Ж.Махашов